Журналистерді қолтырауынға теңеген Мәжіліс депутаты кешірім сұрады
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі жазбасы үшін тілшілерден кешірім сұрады. Бұл туралы Erkinsoz.kz тілшісі хабарлайды.

Депутат сұхбат алуға асығатын журналистерді Facebook парақшасында қолтырауынға теңеп жазба қалдырған.
Кейін жазбасын өшіріп, тілшілерден кешірім сұрады. Депутат өз жазбасының сәтсіз қалжың болғанын мойындап отыр.
“Жаңа хабарлады, журналистер ренжіп жатыр деп. Енді қалжың түсінбесеңіздер, кешірім өтінемін. Жалпы адамзаттың өмірінде хайуанатпен байланыс өте көп. Соны салыстырмалы түрде философияда жазған едім. Бірақ оны түсінбесеңіздер, енді қайталанбайды”, – дейді депутат Самат Нұртаза.
Мәжіліс отырысына кіріп бара жатып, өзінің айтуынша, “өте жақсы көңіл күйде болған” депутат осындай жазба қалдырған. Ол бір күн бұрын қолтырауындар туралы бағдарлама көрген екен. Жыртқыш жануар Мара өзенінің ең таяз жерінде зебра мен гнуды күтіп отыратынынан әсер алған депутат, сүйтіп сұхбат алуға асығатын тілшілерді де жемтігін күткен сол қолтырауынға теңеп жазыпты. Тілшілерге мұндай теңеу, әрине, ұнаған жоқ.