Қазақстандық оқушылардың робототехника бойынша жобасы АҚШ-та үздік атанды

Американың Лонг-Бич қаласында робототехникадан Western Edge ашық чемпионаты өтті. Чемпионатта алматылық оқушылар «гравитациялық батареялар» инновациялық жобасын таныстырды. Қазақстандық команда намысын High Tech Academy мектебінің оныншы сынып оқушылары мен олардың жетекшілері қорғады.
Қазақстандық оқушылар «Энергетика» номинациясы бойынша «Үздік инновациялық жоба» жүлдесін жеңіп алды. Жүлде үшін 20 елден 80 команда қатысып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік көрсетті.
“Негізгі идея – гравитациялық батареялардың көмегімен күндізгі артық энергияны жинап, түнде босату. Осындай қондырғылардың бірі шамамен 75 үйді тәуліктік қуатпен қамтамасыз етуге қабілетті”, – дейді High Tech Academy мектебінің физика пәнінің мұғалімі Василий Крючков.
Оқушылардың көпшілігі үшін мұндай ірі жарысқа қатысу – алғашқы тәжірибелері болды. Бұл оңай болған жоқ, бірақ қазақстандық оқушылар халықаралық жарысқа қатысуда үлкен тәжірибе жинақтап, сәтті өнер көрсетті.