ҚазҰУ-да Қытайлық Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылады
Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған болатын.

Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді. Стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы және энергетикадағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды.
Осы сапар барысында еліміздегі қарашаңырақ оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетенің ректоры Жансейіт Түймебаев Солтүстік-батыс политехникалық университетімен келіссөз жүргізді деп хабарлайды Erkinsoz.kz тілшісі ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, XXI ғасыр – жаһандару ғасыры. Қазіргі таңда мемлекеттер бір-бірінен тек ғылым-білім арқылы озып жатыр. Мысалы әлемдік картада кіп-кішкентай аумақты алып жатқан Жапониямен Корея ғылым-білімді жетілдіруінің арқасында дүниежүзін өз өнімдерін жаулады десек болады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бизнесмендермен болған кездесуде:
“Қазақтар, қазақ жастары, технарь болуы керек. Үкімет осы мәселелердің барлығын егжей-тегжейлі пысықтағаны жөн. Егер әрбір қаржылық өнеркәсіптік топ заманауи зауыт салып, ауылдардан, қала маңынан келген мыңдаған баланы мыңнан оқытса, оларға адал ақша табуға мүмкіндік берсе, бұл әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды кепілі болады”, – деген еді.

Осыған байланысты қазақ жастарын технарь етіп тәрбиелеу басты назарда тұр. Ал Қытайдағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті заманауи оқыту жүйесі арқылы нарыққа көптеген технарь мамандарды даярлап шығаруда. Олар Қытай экономикасының өсіп-өркендеуіне жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдарды қытайлық тауарлар дүниежүзіне кең таралып, Жапония, Корея елдерінің кей өнімдерін нарықтан ығыстырып шығарып жатыр десек болады. Алысқа бармай, өз елімізді мысалға алсақ, қазір қытайлық көліктер қатары артқан. Қытайлық смартфондар да бәріміздің қолымызда.
Алдағы уақытта өз жастарымыз осындай қажетті өнертабыстарды ойлап тауып, өз сұранысымызды қанағаттардыру керек. Жансейіт Түймебаев қытайлық университетпен сәтті келіссөз жүргізіп, нәтижесінде ҚазҰУ қабырғасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылатын болды.
“Қос университет арасында үлкен келісімдерге қол қойылды. Жалпы екі ел арасындағы білім саласындағы тарихта алғаш рет Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ҚазҰУ-да ашылуы жөніндегі келіссөзге қос Президенттің алдында қол қойдық. Бұл ғылым-білім саласын дамытуға арналған үлкен қадам. Біздің ҚазҰУ QS WUR рейтингісінде 150-орында тұр. ТМД елдері арасында Мәскеу мемлекеттік универсиетінен кейін екінші орында, Орта Азия елдері арасында бірінші орында тұр. Енді қытайлық университетпен байланыс орнату арқылы Қытай және Қазақстан арасындағы ғылым-білім саласын дамытуға үлкен септігін тигізеді”, – дейді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, ҚазҰУ 150-орынға тұрақтаған QS WUR рейтингіне 2462 жоғары оқу орны қатысқан. QS WUR әлемдегі ең үздік университеттердің тізімі 2004 жылдан бері жарияланып келеді.
QS WUR рейтингінде жоғары оқу орындары алты критерий бойынша бағаланады:
Академиялық бедел – 40%;
Жұмыс берушілер арасындағы бедел – 10%;
Педагогикалық кадрлардың студенттер санына қатынасы – 20%;
Дәйексөз индексі – 20%;
Шетелдік оқытушылардың үлесі – 5%;
Шетелдік студенттердің үлесі 5 пайызды құрайды.