Оқу-ағарту министрлігі: “Соңғы қоңырауды мейрамханада тойлауға болмайды”
Оқу-ағарту министрлігі мектептерде соңғы қоңырау қандай форматта өтетінін түсіндірді деп хабарлайды Erkinsoz.kz тілшісі.

31 мамыр барлық мектептерде кестеге сәйкес қорытынды сабақтар өтеді, содан соң сынып жетекшілері тәрбие сағаттарын өткізеді.
“Тәрбие сағатының мақсаты – оқу жылының қорытындысын шығару, балаларды жазғы демалыс кезеңіне дайындау. Мұғалім демалыста оқу керек кітаптар тізімін, көруге тұрарлық фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларымен таныстырып, еңбектің пайдасы, ата-аналарға, ата-әжелерге қолдан келгенше көмек көрсету туралы әңгімелейді”, – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Ол тәрбие сағатында патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, достық, бейбітшілік, ел тарихын құрметтеу, саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу тақырыптары талқылануы керек екенін атап өтті.
Ал соңғы қоңырау 1 маусымда өтеді.
“Министрлік соңғы қоңырауды дәстүрлі түрде өткізуді қолдайды. Министрліктің нормативтік құқықтық құжаттарында мұндай іс-шара болған жоқ. Бұл ретте соңғы қоңырауларды 1 маусым Балаларды қорғау күніне сай өткізу ұсынылады”, – деп толықтырды вице-министр.
Өкіл жиын мен мереке мейрамханада емес, тек мектеп қабырғасында өтуі тиіс деп түсіндірді.
“Педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіп, аниматор, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды жалдауға және қаражат жинауға жол берілмейді. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға тыйым салынады”, – деді өкіл.