«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫНАН КӨМЕК СҰРАП КЕЛДІ
132
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев, мәслихат депутаттары, сондай-ақ басқармалар мен бөлімдердің басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жер дауы мен құқықтық бағыттағы проблемаларды көтерді.
Мәселен, қала тұрғыны А. Пайзахметов №53 мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолын кейбір кәсіпкерлер заңсыз қоршап алғанын айтты.
– «Көлік көп жүретін көшенің жаяу жүргіншілер жолын қоршап алғалы қауіп аймағына айналды. Әсіресе балалар үшін қатты алаңдаймыз. Бұл заңсыз екенін айтсақ та, мәселе шешілмей отыр», – деді ол.
Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов бұл жағдайды жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өтті.
– «Егер кәсіпкер халықтың еркін жүріп-тұруына кедергі жасаған болса, мәселені заң аясында шешу керек. Алдымен талаптардың сақталмағаны анықталса, прокуратураға және тиісті басқармаларға арыздану қажет», – деді ол.
Сонымен бірге Ақтас шағын ауданының тұрғыны К. Құнанбаев үйіне кіріп-шығатын жолдың үстінен біреулер заңсыз ғимарат салып алғанын айтып шағымданды. Бұл мәселеге қатысты мәслихат төрағасы тиісті басқармалар мен аудан әкімшілігіне жағдайды түбегейлі зерттеп, заң аясында шешім қабылдауды тапсырды.
Қабылдау барысында бірқатар мәселелердің шешімі бірден табылса, күрделі түйткілдер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Сонымен қатар қабылдауда көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, қоғамдық кеңістіктерді заңсыз қоршау, жаяу жүргіншілер жолдарын жабу және өз бетінше құрылыс салу фактілері бойынша нақты тексерулер күшейтілетіні айтылды. Қала аумағында мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрақты мониторинг жүргізу, рейдтік іс-шараларды жүйелеу және тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді жедел қарау тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен бірге әрбір шағым бойынша жауапты мекемелерге нақты мерзімдер белгіленіп, орындалу барысы партиялық және қоғамдық бақылауға алынатыны жеткізілді. Қоғамдық қауіпсіздік пен инфрақұрылымның қолжетімділігі басты басымдық ретінде қаралып, балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.