SHYMKENT IT HUB – ИННОВАЦИЯ МЕН МҮМКІНДІКТЕР ОРТАЛЫҒЫ
Шымкент қаласында цифрлық экожүйені дамыту жолында маңызды қадам жасалып, 2024 жылғы мамыр айынан бастап «Shymkent IT HUB» технологиялық паркі өз жұмысын бастады. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге сай жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігі, «Astana Hub» және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен іске қосылды.
IT HUB-тың басты мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, ІТ-қоғамдастықты қалыптастыру, стартаптарға жан-жақты қолдау көрсету және жас мамандарға жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған тегін жұмыс орындарын ұсыну.
Қысқа уақыт ішінде орталық айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылы IT-қоғамдастықты дамыту және стартаптарды қолдау бағытында 55-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, 1559 келуші тіркелді. Ал ағымдағы жылдың басынан бері 150 іс-шара өткізіліп, 2500-ге жуық азамат HUB алаңында білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, 260 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған QazCoders, Astana Hub курстарын, веб-дизайн мен стартап құру негіздерін меңгерді. Бұл – жас кадрларды болашақ ІТ-нарығына дайындаудағы маңызды қадам.
«Shymkent IT HUB» алаңында әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, кәсіби дамуына және ІТ саласында тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге бағытталған «Tech Dames» бастамасы да табысты жүзеге асуда. Жыл басынан бері 22 іс-шара ұйымдастырылып, 250-ден астам қатысушы қамтылды.
Бүгінде технопарк резиденттері қатарында «QazTracker», «Alaqan», «Puls.kz», «Art Code» сынды табысты стартап жобалар өз жұмысын қарқынды дамытып, өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.
«Shymkent IT HUB» – идеялар тоғысатын, инновация тудыратын және болашаққа сенімді қадам жасайтын орта. Бұл орталық Шымкентті ІТ және технологиялар саласындағы жаңа мүмкіндіктер қаласына айналдыру жолында маңызды рөл атқаруда.