ЕЛДІ РЕФЕРЕНДУМҒА ТЕГІН ТАСЫҒАН ЖАНАР ДАУЫС БЕРУГЕ ДЕ ҮЛГЕРДІ
Шымкент қаласындағы №308 референдум учаскесінде дауыс берген автобус жүргізушісі Жанар Умарова қала тұрғындарын тегін Референдум учаскелеріне жеткізіп, дауыс беруге өзі де уақыт тапты.
Өз учаскесінде ол “азаматтық таңдау жасауға үлгеруге асықтым” дейді.
Жанар Асанғалиқызы былтырдан бері №27 бағыттағы автобусты тізгіндеген. Күйеуі де автобус жүргізушісі. Отбасында 2 қыз, 2 ұл тәрбиеленіп отыр.
Еңбек жолын Жанар 1999 жылы «Дос и К» компаниясында автобус кондукторы болып бастаған. 2012 жылдан 2020 жылға дейін «Абдуганиев» жеке кәсіпкердің қалалық тұрақты маршруты бойынша кондуктор қызметін атқарыпты. 2021–2023 жылдары «Туркестанская транспортная компания» ЖШС-де автобус кондукторы болып еңбек еткен ол 2023 жылы жеке кәсіпкер «Аскаров» арқылы троллейбус жүргізушісі мамандығына оқып, кейін «Алматыэлектротранс» ЖШС-де троллейбус жүргізушісі болып қызмет атқарады. 2025 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Туркестанская транспортная компания» ЖШС-де автобус жүргізушісі болып еңбек етіп келеді.
– Күні бойы тұрғындарды тегін жеткізіп, көпшіліктің дауыс беруіне аз да болса үлес қосқаныма қуаныштымын. Енді өзімнің азаматтық міндетімді орындап, ел болашағына қатысты маңызды шешім жасауым керек, – дейді Жанар Умарова.