«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ
71
Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай «AMANAT» партиясы Шымкентте қалалық филиалы бірқатар мүгедектігі азаматтарды қабылдап, құрмет көрсетті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты және «Кедергісіз келешек» жобасының амбассадоры Алина Дубинина, сондай-ақ партия филиалының қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған Ербол Байқонысов партияның әлеуметтік бағыттағы бастамалары мен жүйелі жұмыстары туралы кеңінен айтып өтті.
— ««AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 4 200-ге жуық азамат қатысты. Бұл жұмыстарға пандустардың қолжетімділігін тексеру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, инклюзивті мектептер мен балабақшаларға мониторинг жүргізу сияқты бағыттар кіреді», — деді ол.
Бұған қоса, партияның шығармашыл мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған «Тең мүмкіндіктер» және «Жан шуақ» республикалық фестивальдерін тұрақты түрде өткізіп келе жатқаны айтылды. Соңғы үш жылда аталған «Жан шуақ» байқауында Шымкент қаласынан қатысқан өнерпаздар үздік шығып, І орындарды иеленген.
Кездесу барысында «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы іс-шараларға белсенді атсалысқан азаматтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде мүгедектігі бар азаматтар партияға алғыстарын білдіре отырып, қаланың кейбір әлеуметтік нысандарында және аялдамаларда қолжетімділік мәселелері әлі де бар екенін жеткізді. Бұл ұсыныстар бойынша арнайы мониторинг жүргізілетіні, анықталған проблемаларды шешу партия бақылауына алынатыны айтылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 42 479 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 8 275-і — 18 жасқа дейінгі балалар.