«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ
Жиын барысында банк өкілдері мен қаржы ұйымдарының қатысуымен азаматтардың кредиттік тарихын жақсарту тетіктері де талқыланды. Атап айтқанда, қайта құрылымдау, төлем мерзімін ұзарту және айыппұлдық өсімпұлдарды азайту мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнайы қолдау бағдарламалары туралы ақпарат беріліп, әрбір жағдай жеке тәртіппен қаралатыны айтылды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері азаматтардың құқықтарын қорғау және қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Олардың айтуынша, соңғы жылдары онлайн несиелеу саласында бақылау күшейтіліп, алаяқтық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар жаңа талаптар енгізілген. Бұл өз кезегінде азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері борышкерлермен жұмыс жүргізу тәртібі туралы түсіндіріп, салықтық берешекті реттеу және оңтайландыру тетіктері жөнінде ақпарат берді. Азаматтарға берешекті кезең-кезеңімен өтеу, ресми келісімдер жасау және соттан тыс реттеу жолдары ұсынылды. Бұл шаралар қарыз жүктемесін азайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталғаны айтылды.
Жиын қорытындысында қатысушылар «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын ерекше атап өтіп, оның нәтижелі жүзеге асуы үшін барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы қажет екенін жеткізді. Алдағы уақытта жобаның аясын кеңейту, қамтылатын азаматтар санын арттыру және қаржылық сауаттылықты жүйелі түрде көтеру бағытында нақты шаралар қабылданатыны айтылды.