«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ДЕПУТАТ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Саябақта серуендеп жүрген жастар да өз ойларын ортаға салып, спортпен шұғылдануға арналған ашық алаңдардың санын арттыру және бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау жөнінде пікір білдірді. Олардың айтуынша, қолжетімді спорт инфрақұрылымы салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Дария Қожамжарова бұл ұсыныстардың қаладағы жастар саясаты мен спортты дамыту бағдарламаларымен үндес екенін атап өтіп, тиісті ұсыныстарды жауапты органдарға жеткізетінін жеткізді.
Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімді ортаға қатысты мәселелері де көтерілді. Тұрғындар саябақта арнайы пандустар мен навигациялық белгілердің жеткілікті болуын, сондай-ақ жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Бұл бағытта депутат инклюзивті инфрақұрылымды дамыту қала дамуының маңызды бөлігі екенін атап өтіп, кезең-кезеңімен шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, емделушілер тарапынан денсаулық сақтау мекемелеріне жақын орналасқан демалыс аймақтарының маңызы ерекше айтылды. Олар мұндай жасыл аймақтардың емделу процесіне оң әсер ететінін, психологиялық тұрғыдан сергітетінін жеткізді. Бұл пікірлер қоғамдық кеңістіктерді дамытуда әлеуметтік факторлардың да ескерілуі қажет екенін көрсетті.
Кездесу соңында тұрғындар депутаттың ашық форматта халықпен тікелей жүздесіп, олардың ұсыныстарын тыңдағанына оң бағасын берді. Мұндай диалогтар жергілікті мәселелерді нақты анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Дария Қожамжарова барлық ұсыныстар назарға алынатынын және тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жалғасатынын жеткізді.