«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ НАҚТЫ ШЕШІМІН ТАБУДА
85
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Кездесу барысында тұрғындардың әлеуметтік, медициналық және жер қатынастарына қатысты бірқатар өзекті өтініштері қаралды.
Қабылдау барысында заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қажетті құқықтық және әлеуметтік кеңестер берілді. Бұл шараның негізгі мақсаты — азаматтарға нақты көмек көрсету, олардың өтініштерін уақтылы шешу және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
Нәтижесінде бірқатар мәселелер өз шешімін тапты. Атап айтқанда, жалғызбасты ана Балдакүл Цецхладзе тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, қажетті әлеуметтік көмек алды. Азаматшаның айтуынша, партия тарапынан көрсетілген көмек өзекті сәтте үлкен демеу болған.
«Қиын жағдайымда қолдау көрсеткені үшін “AMANAT” партиясына және депутатқа үлкен алғыс айтамын. Уақтылы көмек көрсетіп, анамның ем-домына қажет дәрілерді тегін алуға мүмкіндік берді. Осындай қамқорлық көңілге сенім ұялатады», – деді Балдакүл Цецхладзе.
Сонымен қатар, қабылдау барысында жер телімін алу, кәсіпкерлікті дамыту, банктік және несие міндеттемелеріне қатысты мәселелер де қаралып, тиісті құқықтық түсіндірмелер берілді.
Депутат Талғат Балтабаев өз сөзінде партияның басты міндеттерінің бірі — азаматтардың нақты мәселелерін шешуге жүйелі түрде ықпал ету екенін атап өтті:
«Әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Партия азаматтардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, олардың мәселелерін нақты шешуге күш салады. Қоғамдық қабылдаулар – халық пен билік арасындағы тікелей байланыс алаңы. Осындай форматтағы кездесулер тұрғындардың сенімін арттырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың қолжетімділігін күшейтеді», – деді ол.
«AMANAT»партиясы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік әділдік қағидатын нығайту және әрбір азаматтың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.