«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС – БАСТЫ МАҚСАТ
96
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Қаратау ауданында мобильді қоғамдық қабылдау өтті.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу, оларға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың партиямен тікелей байланысын арттыру.
Қоғамдық қабылдауға Шымкент қалалық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, тиісті басқарма өкілдері, аудан әкімінің орынбасары және қалалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова қатысты.
Көшпелі қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік жағдай, инфрақұрылымның жетіспеушілігі, тұрғын үй мәселесі, коммуналдық қызмет сапасы және жұмыспен қамту сынды бағыттарда өз өтініштерін білдірді.
Әрбір азаматтың өтініші жеке тыңдалып, заң аясында толық түсіндірме берілді. Жедел шешуді қажет ететін сұрақтар сол сәтте қарастырылып, жауапты мекемелер арқылы нақты шаралар қабылданды. Ал қосымша зерделеуді талап ететін өтініштер бойынша тиісті органдарға тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды.
Мәселен, қабылдау кезінде көтерілген бірқатар мәселелер бойынша тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, жол және жарықтандыру инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ құжат рәсімдеу бағытында қолдау көрсету туралы шешімдер қабылданды.
Аталған партиялық жобаның тиімділігі жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың басынан бері Шымкент қаласында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында 23 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, жалпы 500-ге жуық азаматтың өтініші тіркелді.
Мобильді қоғамдық қабылдау – партия мен халық арасындағы ашық диалог алаңы. Бұл жоба аясында азаматтар өз мәселелерін тікелей жеткізіп, уақтылы жауап пен нақты қолдау алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да халықтың талап-тілегіне дер кезінде жауап беріп, әрбір азаматтың өтінішін назардан тыс қалдырмауды және халықпен етене жұмыс істеуді басты басымдық ретінде жалғастыра береді.