ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП, ҚАЛА «АҚЫЛДЫ» МЕГАПОЛИС КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ
2025 жылы Шымкент қаласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Мобильді және кең жолақты интернет сапасын арттыру, цифрлық қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті заманауи бейнебақылау жүйелері арқылы күшейту – қала дамуының маңызды басымдықтарына айналды. Нәтижесінде мегаполистің цифрлық әлеуеті айтарлықтай нығайды.
Мобильді интернет сапасын жақсарту мақсатында 2023 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде қала аумағында байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталып, оларды жоюға арналған арнайы Жол картасы бекітілді. Осы жоспарды іске асыру аясында соңғы үш жылда қалада 300 жаңа базалық станция пайдалануға беріліп, 398 базалық станция жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар, байланыс операторлары 371 базалық станцияны 5G жиілігінде іске қосты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде байланыс сапасы төмен аумақтар саны 11 нүктеге дейін қысқарды. Қазіргі таңда базалық станцияларды орналастыру мерзімін жеделдету үшін жаңа антенна-мачталық құрылғылар мен қос мақсатты тіректерді орнату тәжірибесі енгізілуде.
Кең жолақты интернет желісін дамыту бағытында да маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. 2025 жылы жеке инвесторлардың есебінен қаладан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптарды талшықты-оптикалық интернетпен қамту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 19 елді мекеннің тұрғындары кең жолақты интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы алғанда, 2025 жылды қоса есептегенде, қала аумағындағы 82 шағын аудан мен тұрғын алап кең жолақты интернет желісімен қамтылды. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін тағы 4 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Кар-Тел», «Алма ТВ» және бірқатар жеке интернет-провайдерлер жүзеге асыруда.
Қаланың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау жүйелерін дамыту да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Шымкент қаласы аумағындағы 11 800 бейнебақылау камерасының бейнекескіндері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығарылған. Оның ішінде «Сергек» жүйесі аясында орнатылған мыңдаған камералар көше қиылыстарында, жол бойларында және қоғамдық орындарда үздіксіз бақылау жүргізіп отыр.
Сонымен қатар, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістеріне 2 430 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қала тазалығын сақтау үшін қоқыс алаңшаларына, ал қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында мешіттер, базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары, саябақтар мен білім беру мекемелеріне бейнебақылау камералары қосылды.
2025 жылы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы тарапынан қосымша 3 000 бейнебақылау камерасы орнатылса, Полиция департаменті тағы 1 425 камераны іске қосты. Бұл камералардың бір бөлігі бейнеталдау жүйесімен жабдықталып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мобильді байланыс сапасын арттырып, интернетке қолжетімділікті кеңейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтерді. Бұл жетістіктер Шымкенттің заманауи, қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан дамыған қала ретінде қалыптасуына берік негіз қалады.