ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР: 2025 ЖЫЛ ШЫМКЕНТ ҮШІН ТҰРАҚТЫ ӨСІМ ЖЫЛЫ БОЛДЫ
2025 жылы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және еңбек нарығындағы теңгерімді сақтау бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарды. Жыл қорытындысы бойынша бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің басым бөлігі орындалып, бірқатары жоспардан асыра жүзеге асырылды.
Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында басқармаға 4 негізгі индикатор бекітілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі жоспарланған 4,9 пайыздың орнына 4,7 пайызды құрап, оң динамика қалыптасты. Кедейлік шегінен төмен халық үлесі 6,6 пайыз деңгейінде тіркелді. Жыл соңына дейін 38 845 азамат, оның ішінде 16 703 жас жұмыспен қамтылып, халықтың әлеуметтік қорғау объектілерімен қамтамасыз етілу деңгейі 80 пайызға жетті.
Қала бойынша зейнеткерлер саны 101 389 адамды құрады. Әкімнің бастамасы және мәслихаттың қолдауымен 5 500 ардагер мен зейнеткер санаторлық-курорттық емдеумен бюджет есебінен қамтылды. Сонымен қатар, «Ізетті зейнеткер» орталығының сыйымдылығы 120 орынға дейін ұлғайтылып, жыл ішінде 2 533 азаматқа сауықтыру қызметі көрсетілді.
Көпбалалы аналар саны 71 534-ке жетіп, оның ішінде 14 994 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері атанды.
2026 жылдың 1 қаңтарына дейін арнаулы әлеуметтік қызметтермен 3 857 адам қамтылды. Қалада басқармаға қарасты 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп, онда 1 600-ден астам қызметкер еңбек етуде. 2025 жылы бірқатар орталықтарда жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, №6 балалар орталығы пайдалануға берілді. «Белсенді ұзақ өмір орталығы» материалдық-техникалық тұрғыда жаңартылып, толық іске қосылды.
2026 жылдың 1 қаңтарына дейін Шымкент қаласында 1 183 адамға қандас мәртебесі берілді. Қандастарды бейімдеу жұмыстары жүйеленіп, арнайы орталық қайта құрылды. Еңбек мобильдігі орталығы арқылы 23 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
2025 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға 145 квота бөлініп, қазіргі таңда 128 шетел азаматы ресми түрде жұмыс істеуде. Бұл ретте қазақстандық қамту үлесі 97 пайызды, ал тартылған шетел мамандарының 91 пайызы білікті кадрлар екенін атап өткен жөн.
Қорытындылай келе, 2025 жыл Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында тұрақты даму мен сапалы өзгерістер жылы болды. Жұмыспен қамту деңгейінің артуы, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және инфрақұрылымның жаңаруы қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалады.