«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКЦИЯ ӨТТІ
73
Шымкентте Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – 16 күндік белсенділік» республикалық акциясы және «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында кеңейтілген жиын өтті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, Полиция департаменті Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Жаңыл Спанова, партия жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, студенттер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Ербол Байқонысов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғам үшін аса өзекті мәселе екенін атап өтіп, партияның осы бағыттағы жүйелі жұмыстары туралы айтты.
«Мемлекет басшысы да Жолдауларында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін баса айтып келеді. Осыған сәйкес тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді. «AMANAT» партиясы да отбасылық құндылықтарды нығайту және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тұрақты жобалар жүзеге асыруда. Біздің басты мақсат — әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады», — деді ол.
Ал Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Жаңыл Спанова қала аумағында атқарылған профилактикалық шаралар туралы есеп берді.
«Қала бойынша 840 есепте тұрған азамат пен жағдайы қиын отбасылар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді. 57 қоғамдық іс-шара өткізілді. Акция барысында 147 адам құқықбұзушы ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы 658 тұлғаға жеке профилактикалық шаралар қолданылды», — деді ол.
Іс-шара барысында дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, колледж студенттері сахналық қойылым қойды және әлеуметтік бағыттағы музыкалық нөмірлер орындады.
Айта кетсек, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияға сәйкес жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығы Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні ретінде аталып өтеді. Акцияның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және отбасының рөлін күшейту.