«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ КЕҢЕЙТІЛМЕК
71
«AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің бейнеконференциялық отырысы өтті.
Жиынға онлайн форматта «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Ербол Байқонысов пен Талғат Балтабаев, мәслихат депутаты, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының амбассадоры, спорттық нұсқаушы Алина Дубинина, сондай-ақ бірқатар саланың мамандары қатысты.
Кеңес барысында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасы Жол картасының тармағы бойынша дамуында ауытқулары бар және олардың туындау қаупі бар сәби жастағы балаларға арналған Ерте араласу орталықтарының жұмыс қорытындысы талқыланды. Бұл ретте салалық мемлекеттік органдардың өкілдері тыңдалып, атқарылған жұмыстар сараланды.
Сонымен бірге, «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу, олардың мамандарын әртүрлі мүгедектігі бар адамдарды оңалту әдістері мен инклюзиялық тәсілдер бойынша оқыту мәселелері күн тәртібіне қойылды.