«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЛАРЫ «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ
79
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тапты.
Бұл жолғы тазалық шарасы Тұран ауданына қарасты №8 мөлтек ауданында өтті. Іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет өкілдері қатысып, жалпы саны 50-ден астам адам атсалысты.
Қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қоқыстан тазартып, бейберекет өскен шөптерді орды, қураған ағаш бұтақтарын жинады.
Жергілікті тұрғындардың бірі Аида Мырзабекова атқарылған іске ризашылығын білдірді:
– «Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді. Мұндай игі бастамалар – барлығымыз үшін үлгі. Таза қала – ортақ игілігіміз. Осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысымды айтқым келеді», – деді ол.
Айта кетсек, акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылуда. Оның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті арттыру, табиғатты қорғауға шақыру.
Жыл басынан бері Шымкентте «Таза бейсенбі» акциясы 37 рет өткізіліп, нәтижесінде 35 тоннадан астам қоқыс шығарылған, ал шараға 3,5 мыңға жуық адам қатысқан.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бастаманы жалғастырып, тұрғындарды туған жерді қорғауға белсенді түрде тартуды көздеп отыр.