«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АУДАН ӘКІМДЕРІ ПАРТИЯ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
72
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Жиынға қалалық филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, фракция мүшелері, аудан әкімдері және аудандық партия филиалдарының атқарушы хатшылары мен қызметкерлер қатысты.
Күн тәртібіне төрт негізгі тақырып қойылды. Олар: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын талқылау, «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының қалада жүзеге асырылуы мен алдағы міндеттер, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына қатысты аудан әкімдерінің 8 айда атқарған жұмыстары, сондай-ақ фракция мүшелерінің есептері.
Алдымен Президент Жолдауында айтылған бастамаларды орындау жолдары қаралды. Партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев Жолдауда көрсетілген басым бағыттарға тоқталып өтті.
– Биылғы Жолдауда цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ауылды дамыту, халықтың қаржылық сауатын арттыру, туризмді өркендету және кәсіпкерлікті қолдау сынды басым бағыттар нақты көрсетілген. Бірнеше жылдан бері партия «Цифрлық қоғам» жобасын дамытып келеміз. Азаматтарды цифрлық сауаттылыққа, онлайн-алаяқтықтан қорғануға үйретіп жүрміз. Президент Жолдауынан кейін бұл жобаның ауқымы кеңейетіні айтылды. Сондай-ақ ауылға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағытта біздің партияның «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Агросауат» жобалары жүзеге асырылып келеді, – деді ол.
Жиында Мемлекет басшысы ерекше тоқталған «Қарызсыз қоғам» жобасының нәтижелері де сөз болды. Бұл бастама азаматтарды қаржылық сауаттылыққа үйретіп, қарыздан құтқаруға бағытталған. Былтыр Шымкент қаласында жоспар бойынша 11 мың адам қамтылуы тиіс болса, нәтиже артығымен орындалып, 12 593 тұрғын оқудан өтті. Биылғы жоспар – 22 200 адам. Оның ішінде 8 айдың қорытындысымен 10 210 тұрғын қаржылық сауаттылығын арттырған.
Күн тәртібі аясында аудан әкімдері 8 айда атқарылған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар фракция мүшелері де өздерінің есептерін ұсынып, партия бағдарламасының орындалу барысын таныстырды.
Жиын соңында қатысушылар талқылауларға белсене қатысып, аудан басшыларына сауалдар қойып, нақты жауаптарын алды.