«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
74
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған қазақ боксшыларын марапаттап, ел абыройын асқақтатқан саңлақтарға құрмет көрсетті.
Құрмет төріне көтерілгендердің қатарында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Ажибеков, әлем чемпиондары Айбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай және ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан болды. Оларға салтанатты түрде шапан жабылып, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Мұрат Жолдыхожаев өз құттықтау сөзінде спортшылардың жеңісін бүкіл елдің ортақ қуанышы екенін атап өтті:
– Бүгінгі жетістік – қазақ спортының жаңа белесі әрі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, спорт – елдің мәртебесі. Біз чемпиондарымызды әрдайым қолдаймыз және олардың жеңістерін мақтан етеміз, – деді филиал төрағасы.
Айта кетейік, жуырда ғана Ливерпульде өткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар алтын медаль олжалап, ел спорты тарихында айрықша белеске қол жеткізді. Командалық есепте бірінші орыннан көрінді.
Іс-шара соңында чемпиондар өздеріне көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтатуға бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.