«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «6 СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛІ АНЫҚТАЛДЫ»
64
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы -өтті. Жиынға кеңес төрағасы Берген Ержаппар, қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан, «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» ЖШС филиалы директорының орынбасары Сабдинбеков Арман Мақұлбекұлы, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ Шымкент магистралдық желі бөлімшесінің филиалы директорының орынбасары Пошанов Нұрғиса Орынбасарұлы және кеңес мүшелері қатысты.
Басқосуда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Алдымен Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан әкімдігі аппараты қызметкерлері арасында мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Әкімнің сөзінше, ішкі талдау барысында бірқатар кемшіліктер де анықталған. «Спорттық разряд беру қызметінде мерзімдердің бұзылуына қатысты екі факт тіркелді. Сонымен қатар, азаматтардың арыз-шағымдарын мерзімінен кеш қарау бойынша бір жағдай орын алды. Осыған байланысты жауапты мамандарға сөгіс түрінде тәртіптік шара қолданылды. Жалпы талдау қорытындысында 6 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды», – деді Шәкір Сұлтанхан.
Жиын барысында басқа баяндамашылар да өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен бөлісті. Кеңес мүшелері баяндамаларды талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Қатысушылар атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу барсында сыбайластық тәуекелдері болуы әбден мүмкін екенін айтты.
Отырысты қорытындылаған Ербол Байқонысов сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына кедергі келтіретінін атап өтіп: «Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – күн тәртібінен түспейтін маңызды бағыт. Сондықтан әр салада ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін тұрақты жұмыс жүргізілуі тиіс», – деді.