«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ЖОБАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
71
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.
Жиынға партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасарлары Ербол Байқонысов пен Талғат Балтабаев, партия қызметкерлері, кеңес мүшелері, тиісті басқармалар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған басым бағыттарды талқылау, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру барысы және алдағы «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалінің дайындық жұмыстары талқыланды.
Отырыста Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қалдықараев баяндама жасап, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және қолжетімді орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
Атап айтқанда, биылғы жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету үшін 15,8 млрд теңге бөлініп, 10,8 млрд теңгесі игерілді. Сонымен қатар, 160 әлеуметтік нысанды бейімдеу жоспарланса, қазіргі таңда оның 79-ы (49,4%) бейімделіп, «inva.gov.kz» базасына енгізілгенін жеткізді.
Ал, Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес 2025 жылы балалар арасында алғаш рет мүгедектікке шығу 732 жағдайды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артты. Жалпы мүгедек балалар саны 8411 баланы құрайды.
Мүгедектіктің негізгі себептері – жүйке жүйесі аурулары, туа біткен аномалиялар және психикалық бұзылыстар.
Қаламызда қазіргі таңда 9 оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың 8 айында 6354 бала оңалту қызметімен қамтылған.
Кеңес барысында қатысушылар әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді талқылап, қоғамда тең мүмкіндік пен әлеуметтік әділдік қағидаттарын ілгерілету жөнінде пікір алмасты.