«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
80
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу Университетінде «Еңбек күні» мен «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Іс-шара барысында еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамалар сөз болды. Өз кезегінде Ербол Байқонысов еңбек адамдарына деген құрметтің маңызына тоқталды:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елімізде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қарапайым жұмысшыға деген құрметті арттыру бағытында ауқымды бастамаларды жүзеге асыруды тапсырды. Еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Егер біз жастарды адал еңбекке баулып, жұмысшы мамандықтарының абыройын асқақтатсақ, еліміздің болашағы да берік болады. Бүгінгі марапат – сол еңбектің әділ бағалануы, – деді ол.
Мерекелік жиында оқу орнының тазалығын, тәртібін және тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген 40-қа жуық еңбек адамы университет ректоры Дархан Ахмед-Закидің, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының және қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін іс-шара әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. «Мәдениет және өнер» факультетінің дарынды студенттері дайындаған ән мен би көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл шара еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі болып, жастарды еңбекқорлыққа, елге адал қызмет етуге үндеді.