«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖАСТАРДЫҢ РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
70
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен «Жастардың репродуктивті денсаулығы. Сау жүктілікті жоспарлау» тақырыбында маңызды семинар өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қыз-келіншектердің денсаулығын сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарға сауатты медициналық кеңес беру.
Жиынға модератор ретінде қалалық партия филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі Наргиза Керимбаева, гинеколог-эндокринолог, жоғары санатты дәрігер Наталья Рыкова, сондай-ақ акушер-гинеколог, жоғары санатты ультрадыбыстық пренатолог Жамиля Алиева қатысып, қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың ашылуында Наргиза Керимбаева бүгінгі тақырыптың өзектілігіне тоқталып, жастарға үн қатты:
– Қазіргі таңда қоғамда аруларымыздың денсаулығына байланысты түрлі проблемалар белең алып отыр. Өкінішке қарай, қыздарымыздың көбі өз денсаулығына уақытылы мән бермейді. Бұл – болашақ ананың ғана емес, тұтас отбасының тағдырына әсер ететін мәселе. Сондықтан біз осындай кездесулер арқылы қыз-келіншектерге дұрыс бағыт-бағдар беруді, олардың медициналық сауаттылығын арттыруды көздеп отырмыз. Әрбір жас қыз өз болашағына, болашақ сәбидің тағдырына жауапкершілікпен қарауы керек. Бүгінгі жиын – соның бір қадамы, – деді ол.
Ал мамандар Жамиля Алиева мен Наталья Рыкова жүктілікті дұрыс жоспарлау жолдары туралы кеңінен баяндап, ерте жүктіліктің қауіпті тұстарын түсіндірді. Олардың айтуынша, көптеген қыздар бұл мәселеде ақпараттан хабарсыз болып, кейде қайғылы жағдайға тап болып жатады. Сонымен қатар, жастардың кейде өз денсаулығына қатысты ашық сөйлесуден қысылатындығы да үлкен кедергі екенін атап өтті.
Семинар барысында қыз-келіншектер мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың жиі өтуінің маңыздылығын айтты.
Бұл бағыттағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстар «AMANAT» партиясы тарапынан алдағы уақытта да жалғасын таппақ.