«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ
65
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Қабылдауды қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов жүргізді. Іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жер телімі және кәсіпкерлікке қатысты мәселелерін көтерді.
Мәселен, Ю.Гагарин көшесінің тұрғыны Н.Жұмағали шағын кәсіпкерлікпен айналысу үшін жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуде көмек сұрады. Ол Сәуле шағынауданында шағын цех ашқанын, бірақ құжат рәсімдеуде қиындықтарға тап болғанын жеткізді.
Айдын Кәрімов бұл мәселенің тек заң аясында қаралатынын атап өтті:
«Жалпы бір істі бастамас бұрын құжаттарын дұрыс рәсімдеуден бастау қажет. Егер заңға қайшы келетін жағдай болса, оны шешіп беру мүмкін емес. Дегенмен, тиісті басқарманың мамандары зерделеп, заң шеңберінде шешім қабылдайды», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Ал тұрғындардың бірі Б.Ауелханов кондитерлік өнімдер шығару ісін жандандыру үшін қаржылай қолдау қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, несие алуға кепілге қоятын мүлік болмағандықтан қиындық туындап отыр.
Бұл ретте Айдын Кәрімов кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар екенін айтып, нақты нұсқалар ұсынды:
«Кепілдіксіз 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алуға мүмкіндік бар. Қажетті құжаттарды жинап, бағдарламаға қатысуға болады. Сонымен қатар серіктес тауып, істі алға жылжытуға да жағдай бар», – деп түсіндірді ол.
Жалпы қабылдау барысында бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапса, кейбір түйткілдер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.