«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ДЕПУТАТ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
73
Қазақ халқы – қариясын қазынаға, үлкенін ардақтаған дана халық. Дегенмен, тағдырдың түрлі сынағына тап болып, жалғыз қалған жандар да аз емес. Бүгінде Шымкент қаласында 114 жалғызілікті қария өмір сүруде.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен, фракция мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Ерғали Білісбековтің ұйымдастыруымен және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен осы қарияларға сый-сияпат табысталды.
– Қариясы бар елдің қазынасы бар. Үлкендеріміздің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – сарқылмас байлығымыз. Оларға құрмет көрсету – әр ұрпақтың парызы, – деді қалалық мәслихат депутаты Ерғали Білісбеков.
Бұл күнгі шынайы ықылас пен қамқорлық жалғызілікті қарттардың жүзін жадыратып, жүректеріне қуаныш сыйлады.
Бұл – қазыналы қарияға құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа өнеге қалдырудың айқын көрінісі.